ҚР денсаулық сақтау министрлігі мен ДДҰ астанадағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды

Астанада ДДҰ Еуропалық өңірлік комитетінің (ЕҚК) 73-ші сессиясы барысында Денсаулық сақтау министрлігі мен ДДҰ Еуропалық бюросының арасында 2024-2025 жылдарға арналған  екі жылдық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. 

 

«Бүгін қол қойылған ДДҰ-ның Еуропалық өңірлік бюросымен ынтымақтастық туралы келісімнің шеңберінде біздің денсаулық сақтауымызды дамытуға 1,8 млн доллар бөлу туралы шешім қабылданды. Бұл қаражат медицина қызметкерлерінің әлеуетін арттыру, аналардың, жаңа туған нәрестелердің, балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын сақтау, онкологиялық және басқа да жұқпалы емес аурулармен, АИТВ, ЖИТС, туберкулезбен күресу, медицина кадрларын оқыту, халықпен ақпараттық жұмыс және басқа да бағыттар үшін халықаралық ұйым тарапынан сараптамалық, әдіснамалық және техникалық қолдау көрсетуге бағытталатын болады", - Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ДДҰ Еуропалық бюросының форум алаңында өткен брифинг барысында хабарлады.

Министр өткен екі іс-шараның – Денсаулық сақтау министрлері, ДДҰ сарапшылары, ДДҰ Еуропалық өңіріне мүше 80-нен астам мемлекеттің мамандары, сондай-ақ әріптес ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдері қатысатын МСАК жөніндегі жаһандық конференциясы мен ДДҰ Еуропалық өңірлік комитетінің 73-ші сессиясының ерекше маңызын атап өтті.

«Конференцияға қатысушылар денсаулық сақтау жүйесінің негізі – МСАК-ты дамытуды қолдауда ынтымақтасты. Делегаттар МСАК базалық қызметтерін кеңейту, азаматтардың медициналық көмекке тең қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін инвестицияларды ұлғайту пайдасына сөз сөйледі. Сондай-ақ ең бастысы  мемлекет, үкімет басшылығының тарапынан  жоғары саяси қолдау қажет», - деп атап өтті А.Ғиният.

Министр атап өткендей, бұл алаңда барлық елдердің денсаулық сақтау күн тәртібіндегі сын-қатерлерді еңсеру үшін маңызды шешімдер қабылдануда. 

Дереккөз: Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.