Қандай жағдайларда Қазақстанға тіркелмеген дәрі-дәрмектер әкелуге рұқсат етіледі?

Қазақстанда тіркелген және тіркелмеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды әкелу рәсімі көзделген. Соңғысы белгілі бір жағдайларда белгілі бір препарат қажет болған жағдайда қолданылады.

 

Бүгін біз бұл процедураға қандай жағдайларда рұқсат етілетінін айтқымыз келеді. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодесіне сәйкес Қазақстан Республикасының аумағына тіркелмеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды, егер олар медициналық қолдану және сатып алу мүмкіндігімен нақты бір пациенттің тіршілік көрсеткіштері бойынша медициналық көмек көрсетуге не сирек кездесетін және аса ауыр патологиясы бар пациенттердің шектеулі контингентіне медициналық көмек көрсетуге, гуманитарлық көмекке, төтенше ахуалдарды болғызбауға және олардың салдарын жоюға, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды берудің ұзақ мерзімді шарттары шеңберіндегі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды қоспағанда, халықаралық ұйымдар беретін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды бірыңғай дистрибьютордың сатып алуына, радиоактивті, биологиялық және химиялық заттардың (вакциналардың, антидоттардың) әсерінің профилактикасына және оның салдарын емдеуге арналған болса, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті берген рұқсат беру құжаты негізінде әкелуге жол беріледі.

ҚР аумағына тіркелмеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды әкелуге рұқсат құжаттарын беру тәртібі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан әкету және «Қазақстан Республикасында тіркелген және тіркелмеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды әкелуге (әкетуге) келісім және (немесе) қорытынды (рұқсат беру құжатын) беру» мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларымен регламенттеледі.

Айта кетейік, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар, егер олар жеке тұлғалардың жеке пайдалануына, жолаушылар мен көлік құралдары экипаждарының мүшелерін, поездық бригадалар мен ЕАЭО кедендік аумағына келген көлік құралдарының жүргізушілерін емдеуге және халықаралық мәдени, спорттық іс-шараларға қатысушыларды және халықаралық экспедицияларға қатысушыларды емдеуге арналған болса, рұқсат құжатынсыз Қазақстан аумағына әкелінеді.

Естеріңізге сала кетейік, қажет болған жағдайда Қазақстанда дәрілік заттың немесе медициналық бұйымның тіркелуі туралы сіз www.ndda.kz сайттағы дәрілік заттардың мемлекеттік тізілімінен біле аласыз.

Құжатпен толығырақ мына сілтеме бойынша танысуға болады:
https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2000021749