Қазақстан Республикасы Үкіметі AstraZeneca компаниясының басшылығымен кездесу өткізді

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев пен AstraZeneca компаниясының Қазақстандағы басшылығы мен халықаралық аймақтағы вице-президенті Нитин Капур арасында кездесу өтті.

Кездесу барысында Қазақстан аумағында фармацевтикалық өндірісті нығайту бойынша жобалардың қазіргі барысы мен болашақтағы жоспарлар талқыланды. Нитин Капур Алматы қаласындағы фармацевтикалық зауытта 28 мамырда өндірістік желіні іске қосу жобасының жүзеге асырылуы туралы баяндап, сондай-ақ компанияның Қазақстандағы өндірісті нығайту бағдарламаларын кеңейтуге ниетті екенін атап өтті.

Мемлекеттік органдар тарапынан кездесуге Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері вице-министр Тимур Муратовтың басшылығымен, сондай-ақ  «KAZAKHINVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбек қатысты.

Қазақстан Республикасы Үкіметі AstraZeneca компаниясының отандық фармацевтикалық саланы дамытуға, ғылыми бастамаларға, медицина қызметкерлерінің біліктілігі арттыруға және заманауи диагностика мен емдеу бағдарламаларын енгізуге қосқан үлесін жоғары бағалады. Қазақстан тарапынан компанияның қазіргі және болашақ бастамаларына толық қолдау білдіріліп, стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға қызығушылық білдірілді.

Өз кезегінде AstraZeneca компаниясы Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға және инновациялық шешімдерді ілгерілетуге бейімділігін растады.