Бүгін Лондонда сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Британ үкіметаралық комиссиясының 11-ші отырысы аясында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен «АстраЗенека» халықаралық биофармацевтикалық компаниясы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев: «Осы Меморандумның мақсаты тараптар арасындағы ынтымақтастықты, оның ішінде инновацияларды дамыту, денсаулық сақтау жүйесін нығайту және мемлекеттік бастамаларды қолдау сияқты салалардағы ынтымақтастықты тереңдету болып табылады. Келісім екі тараптың осы салаларда жан-жақты қолдау көрсету ниетін көрсетеді».
Ағымдағы ынтымақтастық аясында өндірісті Қазақстанда дамыту, озық медициналық технологияларды жеткізу, заманауи диагностикалық бағдарламаларды жетілдіру, сондай-ақ ғылыми зерттеулер бойынша жобаларды іске асыруды қоса алғанда, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Айта кетерлік жайт, компанияның бастапқы дәрілерінің бірінші партиясын келісім-шарт бойынша өндіруді бастау ағымдағы жылдың мамыр айында жоспарланған.
Арсен Насырханов, «АстраЗенека» Қазақстан үкіметімен байланыс және сыртқы коммуникациялар жөніндегі директоры: «2022 жылдың басынан бері «АстраЗенека» Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытуға 3,5 миллиард теңгеден астам инвестиция салды. Бұл инвестициялар денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға және озық медициналық шешімдерге қолжетімділікті қамтамасыз етуге көмектеседі».
Тараптар бұл келісім ынтымақтастықты тереңдету және елдегі денсаулық сақтау жүйесін нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын, сондай-ақ Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы табысты ынтымақтастықтың көрсеткіші екенін атап өтті.