Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Дэвид Кэмеронның іс-сапары аясында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың, «АстраЗенека» компаниясының директоры Мария Шипулеваның, сондай-ақ «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарушы директоры Азамат Қожановтың және Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыровтың қатысуымен Биотехнологиялық препараттарды келісімшарттық өндіру жөніндегі «АстраЗенека» инвестициялық жобасын іске асыру жоспарына қол қою рәсімі өтті.
Жергілікті өндіру жөніндегі инвестициялық жобаның жоспарына қол қою Қазақстан басшысы Қ.К. Тоқаевтың ішкі нарықтағы отандық өндіріс дәрі-дәрмегінің үлесін 50%-ға[1] дейін жеткізу туралы тапсырмаларын орындауға қадам болып табылады және ел басшылығының инвестициялық ахуалды жақсарту мен екіжақты стратегиялық қатынастарды дамыту жөніндегі жоспарларына жауап береді.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың соңында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен «АстраЗенека» Қазақстан республикада компанияның препараттар өндірісін оқшаулау жобасы бойынша Жол картасына қол қойды. Тараптардың бүгінгі жоспарға қол қоюы ҚР аумағында инновациялық дәрілік препараттардың келісімшарттық өндірісін дамыту үшін екі жақтың қадамдық әрекеттерін белгіледі.
Мария Шипулева, Қазақстандағы «АстраЗенека» өкілдігінің директоры: «Жоспарға қол қою – бұл Қазақстанда «АстраЗенека» компаниясының жергілікті өндірісін жобасын жүзеге асырудың нақты кезеңдік жоспары негізінде орын алатын, біздің мақсатқа жету жолындағы тағы бір маңызды қадам. Келісімшарттық өндіріс «АстраЗенека» жаһандық біліктілігінің трансферін қамтамасыз етуге және Қазақстанға заманауи инновациялық препараттар өндірісі бойынша сараптама әкелуге мүмкіндік беретініне сенімдіміз».
Азамат Қожанов, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарушы директоры: «АстраЗенека» сияқты ірі халықаралық компаниялардың инвестициясы еліміздің инвестициялық ахуалын жақсартады және басқа да ірі компанияларды Қазақстанмен ынтымақтастыққа тартады. Биотехнологиялық препараттарды келісімшарт бойынша өндіру жобасы Қазақстанның шетелдік инвесторлар үшін сенімді серіктес ретіндегі ұстанымын нығайтады. Біз бұл жоба биотехнология саласының одан әрі өсуіне және Қазақстанға жаңа инвестиция тартуға катализатор болады деп күтеміз».
[1] ҚР Президентінің Жарлығы, 26 қараша, 2022 жыл. Қазақстан Республикасы Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі шаралар туралы