Johnson & Johnson Қазақстанда болуын дамытуға ниетті

2023 жылғы 26 қазанда өткен III Халықаралық «Global Pharm» фармацевтикалық форумы барысында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен «Johnson & Johnson» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында Ынтымақтастық және өзара түсіністік туралы меморандум жасалды.

 

Johnson & Johnson – денсаулық сақтау саласындағы әлемдегі ең ірі көп салалы корпорациялардың бірі. Компания медициналық мақсаттағы бұйымдар мен жабдықтар, сондай-ақ дәрі-дәрмектер шығарады.

Тараптар Қазақстанда дәрі-дәрмек өндіру және клиникалық зерттеулер мүмкіндіктерін бірлесіп дамытуда уағдаластыққа қол жеткізді.

Құжатқа сәйкес, денсаулық сақтау саласындағы жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарымен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар аурулардың қазіргі заманғы терапиясы мәселелерінде денсаулық сақтау мамандарының білім деңгейін арттыру, оның ішінде ғылыми-білім беру бағдарламаларына ұсыныстар әзірлеу арқылы бірлескен жұмыс жүргізілетін болады.

Компания пациенттердің инновациялық терапияға қолжетімділігін жақсарту, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, сондай-ақ фармакологиялық қадағалау саласындағы тиімді ынтымақтастықты дамыту үшін әлеуметтік маңызы бар ауруларды заманауи диагностикалау мен емдеуді енгізу үшін ұсыныстар әзірлеуге жәрдемдесуге ниетті.

Сондай-ақ, екіжақты ынтымақтастық мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің мүмкіндіктерін, өндірісті жергіліктендіру немесе оның Қазақстан Республикасының аумағындағы кезеңдерін бағалауды көздейді. Сонымен қатар, бірлескен өзара іс-әрекет құндылыққа бағдарланған, дербестендірілген денсаулық сақтауды енгізу жөніндегі нормативтік-құқықтық актілердегі өзгерістерді қамтиды.

Қорытындылай келе, екі тарап Денсаулық сақтау және профилактикалық іс-шараларды дамыту мәселелерінде бүкіл қоғамның күш-жігерінің келісілуіне қол жеткізу арқылы халықтың денсаулығын нығайтуға қызығушылық білдірді.