Пациенттер үшін дәрі-дәрмектердің қолжетімділігін арттыру үшін Қазақстан мен Қырғызстан дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың көлемін ұлғайту жолымен бірлескен сатып алуды жүргізуге бастамашылық жасады.
Бастама ресми түрде «СҚ-Фармация» ЖШС-і мен Қырғыз Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы «Қырғызфармация» МК-ы арасында жасалған ынтымақтастық және өзара түсіністік туралы Меморандум түрінде бекітілді.
Аталмыш құжатқа дамудың жаңа мүмкіндіктерін айқындау және сенімді бизнес-серіктестіктерді іздеу үшін ең нәтижелі диалог алаңы мәртебесін сақтап келетін «Global Pharm» III Халықаралық фармацевтикалық форумы барысында қол қойылды.
Ынтымақтастық ұлттық заңнамаға және халықаралық шарттарға сәйкес теңдік пен өзара тиімділік негізінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды бірлесіп сатып алуды жүргізуді көздейді.
Көрші мемлекеттер тәжірибе алмасуға, дәрілік заттар өндірісі бойынша мониторинг жүргізуге, фармацевтика саласында және жалпы денсаулық сақтау саласында ынтымақтасуға, екі ел мамандары мен сарапшыларының кадрлық және техникалық әлеуетін арттыруға ниетті.
Бірлескен сатып алу – бұл дәрі-дәрмектердің қолжетімділігін арттыруға ықпал ететін әлемдік тәжірибе. Оның негізгі мақсаты – нақты медициналық контршараларға әділ қол жеткізуді қамтамасыз ету және жеткізілім қауіпсіздігін арттыру, сондай-ақ теңдестірілген бағаларды белгілеу.
Осылайша, мемлекеттер ірі тапсырыс беруші ретінде әрекет ете алады, бұл ең жақсы бағаларды қамтамасыз етеді және ең мұқтаж елдерге бірінші кезектегі жеткізілімдерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Денсаулық сақтау саласында елеулі трансшекаралық қатердің туындауына дайын болу үшін елдер вакциналарды, вирусқа қарсы дәрі-дәрмектерді, диагностикалық жиынтықтарды, медициналық техниканы, жеке қорғану құралдары жмен медициналық қызметтерді бірлесіп сатып алу рәсіміне қатыса алады.
Айта кету керек, «Қырғызфармация» МК-ы ағымдағы жылы құрылды. Кәсіпорынның басты мақсаттарының бірі – мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарын төмен бағамен сапалы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету болып табылады.
«СҚ-Фармация» ЖШС-і Бірыңғай дистрибьюторы, өз тарапынан бауырлас мемлекеттердің фармацевтикалық секторын және тұтастай алғанда денсаулық сақтау саласын жақсарту және дамытудағы үдерісте туындайтын мәселелер бойынша ынтымақтастыққа және үйлестіруге жәрдемдесуге дайын.
Дереккөз: «СК-Фармация» ЖШС баспасөз қызметі.