2 қазанда Астанада Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният пен «АстраЗенека» британ-шведтік компаниясының басшылығы атынан республикадағы компания өкілдігінің директоры Мария Шипулева кездесті. Кездесу шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағында бірегей дәрілік заттарды келісімшарттық өндіру жобасын іске асыру жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларының жоспарына қол қойылды.
Локализациялау жобасының жол картасына қол қою мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың ішкі нарықтағы отандық өндіріс дәрі-дәрмектердің үлесін 50%-ға[1] дейін ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау жолындағы жаңа қадам болып табылады және ел басшылығының инвестициялық климатты жақсарту және екіжақты стратегиялық қатынастарды дамыту жөніндегі ниеттеріне жауап береді.
Ажар Ғиният, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі: «Жол картасы жобасына қол қою – Қазақстанның фармацевтика саласын дамыту жолындағы маңызды оқиға. Осы жобаның арқасында қазақстандықтар «АстраЗенеканың» инновациялық препараттарына қол жеткізе алады. Бұған қоса, біз жоба Қазақстанның фармацевтика мен медицина өнеркәсібіндегі ғылыми және кадрлық әлеуеттің артуына өз ықпалын тигізеді деп күтеміз».
«АстраЗенека» дәрілік препараттарының өндірісін локализациялаудан және олардың азаматтар үшін қолжетімділігін қамтамасыз етуден басқа, жол картасы Қазақстанның фармацевтика және медицина өнеркәсібі үшін стратегиялық әріптестікті, ғылыми және кадрлық әлеуетті арттыруға бағытталмақ.
Лео Догерти, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Еуропа істері жөніндегі министрі: «Біз «АстраЗенеканың» Қазақстанның дәрілік препараттар нарығындағы инновацияларды дамытуға және енгізуге қосқан елеулі үлесін қуана атап өтеміз. Біз тәжірибесі арқылы республиканың экономикалық әлеуетін жүзеге асыруға көмектесетін британдық компанияларды мақтан тұтамыз».
«АстраЗенека» Қазақстандағы фармацевтика өнеркәсібін дамытудың маңызды қатысушысы қатарында және үкіметпен және медициналық қоғамдастықпен ұзақ мерзімді әріптестікке ұмтылады. Жол картасына қол қою компанияның жергілікті өндірістік мүмкіндіктерді нығайту және инновациялық дәрілік заттарды өндірудегі қолайлы орта құру ниетін растайды.
Дәулет Сақтағанов, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ жобалар жөніндегі басшысы: «Фармацевтика саласындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру сөзсіз «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясы қызметінің маңызды бағыттарының бірі болып қала береді. «АстраЗенека» секілді фармацевтикалық индустрия алыбымен әріптестік Республика Президенті Қ.К.Тоқаев қолдау танытатын саланы дамыту стратегиясына толық сәйкес келеді, сондай-ақ барлық ірі фармацевтикалық компаниялар үшін Қазақстан осындай инвестициялық жобаларды іске асыруда қолайлы орта екендігі турасында хабар береді».
Мария Шипулева, Қазақстандағы «АстраЗенека» өкілдігінің директоры: «Патенттелген молекулаларды локализациялау – Қазақстанда қуатты және тұрақты фармацевтикалық секторды құру жолында бізге қажетті маңызды қадам. Жол картасына қол қою біз үшін елеулі оқиға болып табылады, ол «АстраЗенека» препараттарының жергілікті өндірісін дамыту мен олардың Қазақстан пациенттері үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі одан әрі іс-қимылдардың траекториясын құруға мүмкіндік береді».
«АстраЗенека» компаниясы туралы
«АстраЗенека» онкология, кардиология, нефрология және метаболизм, тыныс алу және аутоиммундық, сондай-ақ сирек кездесетін аурулар сияқты терапевтік салаларда рецепт бойынша дәрі-дәрмектерді зерттеуге, әзірлеуге және нарыққа шығаруға бағыт алған халықаралық ғылыми негізделген биофармацевтикалық компания болып табылады. Кембриджде (Ұлыбритания) орналасқан «АстраЗенека» компаниясы 100-ден астам елде таныстырылған және оның инновациялық препараттарын бүкіл әлем бойынша миллиондаған пациенттер пайдаланады. Компания жаңалықтарын astrazeneca.com сайтынан оқыңыз.
[1] Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі шаралар туралы ҚР Президентінің 2022 жылғы 26 қарашадағы Жарлығы «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым»