Қазақстан Республикасындағы Халықаралық фармацевтикалық өндірушілер қауымдастығының этика кодексі. 2017 жылғы нұсқасы

Қазақстан Республикасындағы Халықаралық фармацевтикалық өндірушілер қауымдастығының  (бұдан әрі – «АІРМ») Этика  кодексі (бұдан әрі – «Кодекс») Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын ескере отырып, фармацевтикалық ғылыми-зерттеу өнеркәсібінде қабылданған маркетингтік тәжірибенің халықаралық кодекстері негізінде әзірленген  және Қазақстан Республикасында Фармацевтикалық өнімді Жылжыту мен Маркетингті жүзеге асыру кезінде АІРМ барлық мүшелері ұстануға міндетті этикалық стандарттарды білдіреді.

Кодекстің ережелері АІРМ мүшелеріне Қазақстан Республикасындағы қоғамдық денсаулық мүдделерін назарға алатын адал және жауапты Жылжыту және Маркетинг нормаларын дамытуға және қолдануға көмектесуге арналған сондай-ақ даулар туындаған жағдайда АІРМ мүшелері арасындағы этикалық мәселелерді шешу құралы болып табылады.

Кодекс Қазақстан Республикасында фармацевтикалық өнімдердің Маркетингі мен Жылжытуды жүзеге асыру кезінде АІРМ мүшелері басшылыққа алатын бірқатар қосымша негіз қалаушы қағидаттарды білдіреді, өйткені Қазақстан Республикасының осы саладағы заңнамасы әрқашан басымдыққа ие.

Кодекс Қазақстан Республикасында фармацевтикалық өнімдерді Жылжытуда жоғары стандарттардың сақталуына жауапкершілік пен бақылау АІРМ мүшелеріне жүктелетінін айқындайды. АІРМ  барлық мүшелері, ең алдымен, Пациенттің мүдделеріне назар аудара отырып, дұрыс және адал шешімдер қабылдауы керек. Кодексті бұза отырып, фармацевтикалық өнімдерді Жылжытуды жүзеге асыруға жол берілмейді.

АІРМ  барлық мүшелері осы Кодекстің ережелері мен қағидаттарына қайшы келетін қандай да бір материалдарды таратпауға, сондай-ақ осы құжатқа қайшы келетін Фармацевтикалық өнімдер Маркетингі саласында қандай да бір іс-қимыл жасамауға міндеттенеді. Жеке тұлғаны құрметтеу, Пациенттерге бағдарлану, ашықтық және этикалық нормаларды сақтау АІРМ мүшелері қабылдайтын барлық нәрселердің негізінде болуы керек құндылықтар болып табылады.

Басшылық  [әрбір АІРМ мүше-компанияның (бұдан әрі – «Компания»)] Компанияның қызметін ҚР заңнамасының, осы Кодекстің талаптарына сәйкес қамтамасыз етуге міндетті. Басшылық әрбір анықталған және дәлелденген бұзушылық фактісіне қатысты шаралар қабылдауға міндеттеме алады. АІРМ  жаңадан қосылған әрбір Компания Кодекс ережелерінің орындалуын қамтамасыз етуге және осы Кодекстің ережелері туралы барлық қызметкерлер мен Компания тартқан тұлғалар үшін АІРМ  мүше болған сәттен бастап 6 ай ішінде танысу тренингін өткізуге, сондай-ақ Компанияның жаңа қызметкерлері мен тартылған тұлғаларын таныстыруға міндетті.

Осы Кодекс, сондай-ақ Кодекске енгізілетін барлық өзгерістер Компания үшін олар қабылданған сәттен бастап 6 ай өткен соң күшіне енеді. Осы Кодекс, сондай-ақ оған өзгерістер мен толықтырулар АІРМ  Жалпы жиналысының шешімімен бекітіледі. Осы Кодекске өзгерістер мен толықтырулар кез келген Компанияның бастамасы бойынша енгізілуі мүмкін.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ ӨНДІРУШІЛЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ЭТИКА  КОДЕКСІНІҢ ЖАҢА РЕДАКЦИЯСЫМЕН МЫНА ЖЕРДЕ ТАНЫСУҒА БОЛАДЫ.